Наурыз жыры
Парсы, тәжік жұртынан бастау алған наурыз,
Тұрақ тауып Тұранда қоштау алған наурыз.
Сақ, үйсіндік заманнан ата дәстүр наурыз,
Көп көшпенді тайпамен аталас кіл наурыз.
Қызырға да, Баққа да есік ашқан наурыз,
Жеті жұттан құтылтар несіп ашқан наурыз.
Қыс қаһарын қайтарып, жуасытқан наурыз,
Қырда да ойда қар еріп су асыққан наурыз.
Күңгейлерде бусанып жуа шыққан наурыз,
Жауқазыны, қар гүлі қуа шыққан наурыз.
Күнді ұзартып нар адым жай бастырған наурыз,
Жанға жылу шуақты жайғастырған наурыз.
Қораларда қозы, лақ маңыратқан наурыз,
Жарысын деп уызға жамыратқан наурыз.
Диқандарға соқасын сайлаттырған наурыз,
Сапа, санын тұқымның ойлаттырған наурыз.
Мал баққанды жас төлмен қуандырған наурыз,
Асыл нәсіл жайымен жуандырған наурыз.
Суықтықты жылыға ауыстырған наурыз,
Қартты жаспен жайдары қауыштырған наурыз.
Дарқан пейіл, ниетті Ұлыс күнім наурыз,
Берекеге кенелткен ырыс күнім наурыз.
Даналардан ақ бата ағылдырған наурыз,
Қазы-қарта, жал-жая табылдырған наурыз.
Қыз, бозбала бой түзеп абдырасқан наурыз,
Ақ күндікті әжелер абдыра ашқан наурыз.
Күйлеткен де билеткен әні жақсы наурыз,
Салтанатын дүрлеткен сәні жақсы наурыз.
Үрдісіңнен үр жаңа жаңылмайын, наурыз,
Кенендікте кем түсіп аңырмайын, наурыз.
Ашық болсын таңдарым, ашық болсын аспаным,
Ынтымақты қарттарым, тату болсын жастарым.
[мына жерден де қарап көр][1]
[1]: http://www.kuttybolsyn.kz/612-nauryz-turaly-leder-toptamasy.html