Ғарыш суық әрі шексіз кеңістік емес, адамдық дүниенің мәңгілік кепілі ретінде түсіндіріледі. Адам ғарыштың бір бөлігі болғандықтан, ол қоршаған ортаның түрлі қасиеттері, кескін келбеті, болмысы туралы ой толғамай, бейтарап қала алмайды. Ғасырлар бойы сұрыпталған халық даналығында барша ғалам біреу ғана деп есептеледі, ал адамдар тұтас табиғаттың құрамдас бөлігі деп танылады. Шексіздікті жеңу мәселесі сонау шумерлік өркениеттегі «Гильгамеш туралы жырдан» келе жатқан мотив. Шексіз далаға көз салған номада ең алдымен үлкен шеңбер — көкжиекті көрген. Оның өзі аспандық күмбезбен көмкеріліп тұрған. Шексіздікті ақылға сыйымды парасатпен қабылдау мүмкін емес. Ол — тылсым дүние, белгісіздіктің, қараңғылықтың, қаратүнектің таңбасы. Шексіздікті игеру үшін тұрақты бағдар қажет. Сахара тұрғыны бағдар іздеп аспанға көз салады, Темірқазықты тауып, ол арқылы Жетіқарақшы жүлдыздарының орналасуынан, Шолпан мен Үркерге назар салуынанан аспанды жақындатады. Жорыққа шыққан әскер, сапардағы жолаушы, мал баққан бақташы түндегі бағдарын жұлдыздарға қарап айыратын болған.