Жұмаділдаев Асқар Серқұлұлы (25.2.1956 жылы туған, Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Шиелі кенті) – ғалым, физика-математика ғылым докторы (1988 ), профессор (1990), Қазақстан ҰҒА-ның корреспондент мүшесі (1995). 1980 – 90 жылдары Математика және механика институтында (қазіргі Математика институты) кіші, аға, жетекші ғылым қызметкер болды. 1990 жылдан сол институтта алгебра лабораториясының меңгерушісі. Жұмаділдаевтің негізгі ғылым-зерттеу еңбектері Ли алгебрасының когомология теориясына арналған. Ол оң сипаттамалы Ли алгебрасының когомологиялары мен деформацияларын және олардың қолдануын зерттеген. Векторлық өріс алгебрасының бөлшектенбейтін кеңеюін есептеген. Ассоциативті емес алгебраның тепе-теңдіктерін тапты. Жұмаділдаев Германиядағы Гамбург (1986), Мюнхен (1995 – 96), Билефельд (1996 – 99) университеттерінің профессоры болып, [[Кэмбридж университетінің жанындағы Ньютон институтында (1997), А.Салам атындағы Халықар теориялық физика орталығында (Италия, 1998, 2001), Швеция корольдік Ғылым Академиясының Миттаг-Леффлер атындағы Математика институтында (1998 – 99), Фильдс атындағы Математика институтында (Канада, 2001) қызмет атқарып, лекциялар оқыған. Германияның, АҚШ-тың мемлекеттік стипендияларын, Швеция корольдік Ғылым Академиясының грантын алған. Ол – 12-сайланған Қаз КСРО Жоғарғы Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.
Ғылыми дәрежелері
1981 ж. - физика-математика ғылымдарының кандидаты (КСРО ғылым академиясының математика институты, Мәскеу)
1988 ж. - физика - математика ғылымдарының докторы (КСРО ғылым академиясының математика институты, Ленинград бөлімі)
1990 ж. - Қазақ Ұлттық Университетінің профессоры
1995 ж. - ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі
2004 ж. - ҚР ҰҒА-ның академигі