+1 дауыс
584 көрілді

1 жауап

+3 дауыс
 
Жақсы жауап
Ақпаннан бастап автордың рұқсатынсыз ғаламторға бейнебаяндар мен фильмдерді орналастыруға, әндерді жүктеуге жол берілмейді. Олай еткен жағдайда айыппұл төлейсіз. Бұл ақпанның алғашқы күнінен бастап күшіне енуі тиіс «Авторлық құқық пен сабақтас құқық жөніндегі» заңға енгізілген толықтырудың түйіні. Осылайша, көптен бері Әділет министрлігіндегілерді әрі-сәрі күйге түсіріп, талқыланып келе жатқан аталмыш заңға өзгеріс енгізу мәселесіне нүкте қойылғандай.

Әлбетте, қазір ғаламторды пайдалану кеңістігі ұлғайып отыр. Одан әркім керегін таба алады. Оның ақпарат алмасу шегінен әлдеқашан шығып кеткені де аян. Кино көру үшін кинотеатрға барудың немесе ән тыңдап, оның бейнебаянын тамашалау үшін базар жағалап таспа сатып алудың да қажеттігі шамалы. Ғаламтордан соның бәрін үйіңізде немесе жұмысыңызда оты­рып-ақ қолға түсіре аласыз. Бірақ, сон­дағы іздесең табылатын дүниеңнің бәрі авторының, яғни, заңды құқық иесінің та­рапынан орналастырылып жатыр деп тағы айта алмаймыз. Мұны ғаламтордың тілін білетін кез келген сайт иесі жасай алатыны хақ. Толықтыру енгізілген «Авторлық құқық пен сабақтас құқық жөніндегі» заңның мақсаты осы «дайын асқа тік қасықтардың» тірлігіне тосқауыл қою. «Өзгенің зияткерлік меншігіне қол сұқ­қандарға бірінші ескерту беріледі. Ескертуді ескермеген жағдайда айыппұл төлейді. Мөлшері заңды тұлғаларға 100-ден 150 АЕК, ал, жеке тұлғаларға 10-нан 15 АЕК көлемінде. Арнайы интернет ре­сурстарын құрушыларға да қадағалау қатаң болмақ. Олар заңға мойынсұнғысы келмесе, айыппұлмен ғана құтылмай, бір жылға бас бостандықтарынан да айырылуы мүмкін». Бұл – Әділет министрлігіне қарасты зият­керлік меншік құқығы ко­митетінің бас сарапшысы Жасұлан Жиен­бековтің заң туралы түсініктемесі.
Алайда, мұны қолдап жатқандар шамалы. Оның бір себебі мынада болса ке­рек. Өнер иесінің өнімін, яғни, әнін, не болмаса, бейнебаянын сайт иесі заң­сыз орналастырғанымен, ол бойынша автор шағым түсірмесе, құзырлы орын қурайдың да басын сындыра алмайды. Демек, заң бұзушыға айыппұл төлету үшін автордың шағымы қажет. Оның үстіне, қазақстандық сайттарды ғана тексеруге қауқарлы. Бұл онсыз да ғаламтор майданында шекесі шылқымай тұрған отандық контентті кері сүйрейді деп алаңдаушылық білдірушілер де жоқ емес. Заңнан орнын тапқан толықтырудың тағы бір жаңалығы ғаламторға жүктеушілер ғана емес, оны көшіріп алушылар да жауаптан жалтара алмауы мүмкін.

Мұндағы негізгі мәселе әншілердің авторлық құқығына қатысты екені даусыз. Қазақстанда әні мен бейнеклипін ғаламторға жүктеп қойып, соған орай қаражатын алып отырған әншіні естіп, көрген емеспіз. Олардың дүниесінің ғаламтордан орын табуы ешқандай бақылаусыз, жүйесіз жүріп жатқанының салдары бұл. Заңдағы аталмыш толықтырудан соң осы олқылықтың орны толады деп сендіреді оны жасағандар. Алайда, осы уақытқа дейін ғаламтордан әндері тегіннен-тегін кез келгеннің қолына түсіп жатқан өнер иелерінің бұған сенімі аз. Белгілі әнші әрі сазгер Марат Омаров ендігі жерде заңгерлері құп көрсе, заң бұзушыларды сотқа беретінін айтса, өзі де «Демеу» атты орталық құрып, авторлардың құқығын қорғауға бекініп жүрген әнші Қыдырәлі Болманов оларды бақылау мүмкін еместігін, авторлық құқығы қорғалып, содан нәпақасын тапса, әншілер той жағалап кетпейтіндігін алға тартып жүр.
Расында, бізде қабылданған кейбір заңдардың министрлік пен парламент қабырғаларынан бері аспай жататыны жасырын емес. Бұл заңның да орындалуына шүбә келтіріп жүргендердікі сондықтан шығар.
Авторы Сәкен ОРЫНБАСАРҰЛЫ, «Заң газеті», біреудің авторлық құқығын бұзбаңыз
...