Құрақ көрпе – дүрия, батсайы, торғын, шағи, шәлі, жібек, сәтен, атлас, т.б матадан жасалып, сырты кестеленеді. Тұтыну қажетіне қарай қалың, жұқа, үлкен, кіші етіп жасаса, дәулетіне сай арзан, қымбат материалдан дайындайды, соған сай бала көрпе, шәлі көрпе, төсеніш көрпе, жүн, қалың, атлас көрпе деген түрлері болады. Ал енді түрлі геометриялық пішіндегі мата қиындыларынан әшекей, өрнекпен құралып жасалған түрін құрақ көрпе деп аталады екен. Осы сипаттама беріліп отырған көрпе түрі – құра көрпе. Жамылғыш құрақ көрпенің беті қызыл және көк түсті көп сатылы фигуралармен өрнектелген. Сол фигуралар көрпе ұзындығы бойынша бой түзеген жолақтар симметриалы орналасқан. Көрпе бордюрі жасыл түсті велюрдан жіңішке жолақталып тігілген. Ал, астары түрлі-түсті мақта (хлопчатобумажный) матадан тігілген.
Құрақтан жасалатын бұйымдар
Қоржын. Зат салатын бұйым. Ертеде жарапазан айтқан балалар иығына қоржын арқалап, қазақ ауылдарын аралаған. Әрбір үй оларға қолында бар құрт, ірімшік, жент тәрізді тәттілерін беріп, күміс түйген орамалдар сыйлап, балалар өз отбасына қоржынын несібеге толтырып қайтатын болған. Алыс сапарға шыққандар да астындағы атына қоржын теңдеген. Тіпті, сүндетке отырғызған баланы атқа мінгізіп, ағайын аралатқанда да жанына қоржын байлағаны мәлім. Қазір түрлі қиықтардан жасалып, ою-өрнек салынған сәнді қазақы қоржындар құдағилар арасында жүріп, сыйластықтың бір дәнекері болуда.
Құрақ кеудеше. Көбінесе қыз-келіншектерге арнап жасалатын киім. Халқымыздың салт-дәстүрі бойынша, ұл-қыздары той-думанда ғана емес, күнделікті өмірде де әдемі киініп, таза жүрген. Құрақ кеудешелер әрі сәнді, әрі жылы. Оны қай жерге де киіп баруға болады. Құрақ кеудешені жасарда оған таңдап алынған маталар тобының түр-түсі жағынан бір-біріне үйлесімді болғанына ерекше көңіл бөлінеді. Шеберлер қызылдың жанына жасылды, ақтың жанына қараны, көктің жанына сарыны қойып, әр түстің терең мәні мен сырын ашқан ғой. Құрақ кеудешені жасарда да ол қатаң түрде ескеріледі. Және де қолдағы материалдардың қиы-қтарының біртекті болғаны дұрыс. Яғни, құрақтар тобы бірыңғай мақта, бірыңғай пүліш, немесе бірыңғай жүн, жібек маталардың қиықтарынан құралуға тиісті. Бұл құрақтың тегіс, оңай құралуы үшін қажет. Және де бірыңғай мата түрінен құралған кеудеше, басқа да киім, бұйымдар кигенде, қолданғанда, жуғанда бір жері созылып, бір жері қысқарып кетпей, өз үлгісін сақтайтын болады. Жалпы, құрақ кеудешені қызыл, күлгін, қою көк, ашық көгілдір маталардың қиықтарынан жасаған дұрыс. Ал астарына тұтас мата алынады, кеудешенің етек-жеңін әдіптеуге тесьма пайдаланылады.
Тақия. Қазақ шеберлері ежелден-ақ құрақтарды қиюластырып тақия тігіп келеді. Құрақ тақиялар - өте сәнді баскиім болып саналады. Қызыл – жасыл, сары – көк тақиялар бойжеткендердің көркін құлпыртып, қос бұрымды шашына керемет жарасып тұрады. Шеберлер құрақ тақияларды негізінен, пүліш маталардың жарқын, ашық бояулы қиықтарынан тігеді. Бүйірін шаршы ішіндегі қиықшалардан құрастырады. Мұндай тақияның бүйіріне кемінде төрт түрлі түстегі құрақ пайдаланылады. Сонда құрақ тақия көрікті болып шығады. Тақияның төбесіне шашақ тағылады.
Құрақ көрпе. Оны трикотаж тоқымалардың қиықтарынан да, жібек маталардың құрақтарынан да жасайды. Мұндай маталардан жасалған құрақ көрпелер жұмсақ болады. Трикотаж тоқымалардың қиықтарынан тігілген құрақ көрпенің ені жіңішкілеу, ұзындығы екі метрдей үлгіде келеді. Бұл көрпені сегіз шаршы етіп топтастырған оңды. Әр шаршы жеке құрастырылып, оларды қиықша үшбұрыш түрінде бір-бірімен жымдастырып тігеді, астары жұқа жүн матадан жасалады, екі арасына синтетикалық синтепон матасы салынады. Ал енді жібек құрақты жұмсақ көрпені екі адам жамылатындай етіп, ашық түсті жібек маталардың құрақтарынан құрастырады. Бұл көрпеде құрақтар текше түрінде тігіледі. Оның ең оңай тәсілі дойбының тақтасындай етіп құрау. Жібек құрақ көрпенің шетіне тұтас материалдан белдеу жүргізеді. Астары мақта матасынан тігіліп, көрпенің ортасына синтепон салынады.
Құрақ көрпелердің бір шаршысын бөліп алып, оны орындыққа көрпеше етіп жабуға да болады.
Қиық сырмақ. Оны үйді әшекейлеп, қабырғаға ілу, тақта үстіне төсеу үшін жасайды. Кейбір дәулетті кісілер қиық сырмақты палас ретінде еденге де төсеп тастайды. Сырмақтың тұтас материалы үшін түйенің жүні қажет. Өйткені, ол әрі жұмсақ, әрі жеңіл, әрі жылы, әрі таза. Осы негізгі материалдың үстіне ұлттық ою-өрнек түріндегі құрақтар шаршылап орналастырылады. Сырмақ үстіне ою тек қана ашық және біртекті материалдардан әзірленеді. Сосын оны жымдастырып тігіп, шетін тегіс әшекейлеп шығады.
Құрақ жастық. Үйдегі құрақ көрпенің үстіне құрақ жастықты қойып, қонақтар оған шынтақтап жататын болса, ол отбасын ерекше бір ұлттық сән-салтанатқа бөлеп тұрады. Құрақ жастықтарды қоңыр немесе жасыл, әйтпесе қою көк түсті материалдан жасап, бетіндегі өрнегін ақ немесе ашық сары түсті матадан орнатып, жиегіне ақ түсті әшекей жіп жүргізсе, ол тіпті көрікті болып шығады.
Аяққап. Түрлі-түсті құрақтардан жасалатын аяққап ыдыстар салуға арналған. Онда сақталған ыдыстар сынбайды, таза болады. Қазір үйдің ажарын ашу үшін ғана пайдаланылады. Бұрындары ол қазақ әйелдерінің ең қажетті бұйымдарының бірі болатын. Аяққаптың шағын түріне жіп, қайшы, тарақты, басқа да ұсақ-түйек заттарды салып қояды да айнаның жанына апарып іледі. Аяққап жасау үшін көбінесе екі түсті драп маталар таңдап алынады. Оның сыртқы бетіне ою салынады, бұл оюлар аяққаптың төрт бұрышында тұрады, аяққаптың ортасына, етегіне түсті жіптерден шашақ тігеді.
Қолқапшық. Бұрындары жас қыздардың жеке заттарын салып қою үшін жасалған сәнді бұйым. Оны қоңыр, қоңырқай драптан тігіп алып,беткі жағына қошқар мүйіз ою тігеді. Оюдың шеті өрнекті жіппен бастырылады. Бауы да драптан әзірленеді. Қолқапшықтың ауызы түймеленеді. Қолқапшықты жастар иығына іліп алады.